Баланы балабақшаға қай уақытта беру керек
Баланың балабақшамен танысуына ең қолайлы жас — 2 жас пен 4 жастың аралығы, себебі осы кезде олар ұжымға араласуға, өзіне-өзі бас-көз болуға қажетті дағдыларды меңгереді.
Баланы қай жастан бастап балабақшаға беру керектігі жөніндегі мәселе көптеген ата-аналарды толғандырады. Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ десе болғандай. Әр бала — өзінің темпераменті, мінез-құлық ерекшелігі бар жеке тұлға, сондықтан да балалардың барлығын, мәселен, 4 жастан бастап балабақшаға беру керек деу жаңсақтық болар еді. Баланың балабақшаға дайындығын дөп басып айту оның мінез-құлқын үнемі байқап отыратын ата-анасының ғана қолынан келеді. Ал оның балабақшаға бейімделуінің қалай өтетіні осы шешімнің дұрыстығына байланысты.
Балабақшаға баратын бала нені білуі тиіс
Баланың балабақшамен танысуына ең қолайлы жас — 2 жас пен 4 жастың аралығы, себебі осы кезде олар ұжымға араласуға, өзіне-өзі бас-көз болуға қажетті дағдыларды меңгереді. Яғни, баланы балабақшаға ол түбекті пайдалануға әдеттенген соң, өз бетінше тамақтанып, кеседен ішіп, тым болмаса кейбір киімдерін өзі кие алатын дәрежеге жеткенде, сондай-ақ тыйым салуды ұғыну, үлкендерді тыңдау, тәртіп сақтау секілді өзін-өзі ұстау қағидаларынан түсінігі қалыптасқан кезде берген дұрыс.
Баланың балабақшаға психологиялық дайындығы
Баланың балабақшада өзін еркін сезінуіне қажетті машықтарынан басқа, оның ұжымға араласуға психологиялық дайындығы да аса маңызды. Егер де балаңызды балалар алаңына оны балабақшаға берерден бір ай бұрын ғана апара бастайтын болсаңыз, ол мінезінің көпшілдігіне қарамастан, еш нәрсеге дайындалып үлгермейді. Оны балабақшаға дайындауға уақыт керек екенін түсінген абзал, әрі ол бір ай, екі ай емес, кем дегенде жарты жылдық мерзім болуы тиіс.
Психологиялық дайындық деп баланың басқа балалармен араласа білу машығын, яғни ойыншықтарын бөлісе немесе айырбастай білуін айтамыз. Балабақшаға дайындықтың келесі маңызды көрінісі — анасынан ажырай білу. Өздеріңіз білесіздер, егер де бала анасынан бірінші рет балабақшаға барған алғашқы күні ажырайтын болса, одан еш нәтиже шықпасы белгілі. Сондықтан сіздің міндетіңіз — балаңызды сіздің қасында болмауыңыз мүмкін екендігіне алдын ала үйрету. Балалар ұжымына сіңісіп, анасының қасында болмауына көндігу үшін әр балаға әр түрлі уақыт қажет.
Егер де балаңыз жоғарыда айтылған машықтардың бәріне әдеттенген болса, онда бар күмәніңізді сейілте беруіңізге болады, ол балабақшаға баруға толығымен дайын. Шыны керек, іс жүзінде жағдайдың басқаша өрбіп жататыны да бар. Біз балаларымызды балабақшаға олар дайын ба, жоқ па деген мәселені сараламай-ақ, жұмысқа шығуымыз керек болғанда немесе балабақшаға жолдама іздеп тапқан кезде жіберіп жатамыз. Десек те, баланы балабақшаға дайындауға неғұрлым көбірек уақыт бөлсеңіз, оның жаңа өмір ырғағына ілесуі соғұрлым оңай болмақ.
Ақпарат көзі: egov.kz
Егер балабақшадағы кезегіңіз әлі келмесе
«Кезекке қою туралы»
Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекке қою мемлекеттік қызметі 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына (бұдан әрі — Стандарт) сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі мектепке дейінгі балалар ұйымына жолдама беру болып табылады. Ата-аналар балалар мекемесіне жолдаманы беріп өзара міндеттемелері туралы келісім-шартқа қол қойған соң балабақша әкімшілігі баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдайды, бала автоматты түрде тіркеу есебінен алынып тасталады.
Бірінші кезекті орынды алуға мыналар құқылы:
-
заңды өкілдері мүгедек болып табылатын балалар;
-
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар;
-
көп балалы отбасылардан шыққан балалар;
-
ерекше білім беруді қажет ететін балалар.
«Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру туралы»
Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілік мәселесін шешу мақсатында ҚР барлық аумағында мектепке дейінгі балалар ұйымдарына бірыңғай кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін жүйесі әзірленді.
Жүйе автоматты түрде электрондық поштаға және ұялы телефон нөміріне одан арғы әрекеттер реті көрсетілген сіздің кезегіңіз келгені туралы хабарлама жібереді.
Көрсетілетін қызметті алушы ЭЦҚ көмегімен жүйеге кіріп, мектепке дейінгі ұйымды таңдап, таңдауға ЭЦҚ арқылы қол қойып жолдаманы алу керек, оны баланы тіркеу үшін балабақшаға алып барады.
Кезекті басқару жүйесі мектепке дейінгі балалар ұйымына жолдаманы беру кезінде өтініш берушінің өтінішін мұрағатқа орналастырады.
«Балапан бағдарламасы туралы»
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 — 2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қазандағы № 1119 қаулысымен күші жойылып 2011 — 2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына (ББДМБ), бұдан әрі 2016-2019 жылдарға арналған ҚР ББДМБ-ға біріктірілді. ББДМБ жеке секторды білім беру ортасына тартуға, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға барынша бағытталған.
«Орын алмасу»
2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидаларының 8-тармағына сәйкес «елді мекеннің ішінде бір мектепке дейінгі ұйымнан басқасына орын алмастыру жас топтары сәйкес келген жағдайда, ата-аналардың және мектепке дейінгі ұйым басшыларының келісімімен жүзеге асырылады».
Жас тобын анықтау үшін баланың жасы ағымдағы оқу жылының 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ескеріледі.
«Тәрбие-білім беру үдерісі туралы»
Меншік нысандарына қарамастан барлық үлгідегі және түрдегі республиадағы мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру үдерісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен (13.05.2016 жылғы № 292 жағдай бойынша өзгерістер және толықтырулармен) бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт (бұдан әрі — Стандарт);
мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға бірдей оқу бағдарламасы (бұдан әрі — Бағдарлама) және 2016 жылғы 22 шілдедегі № 391 Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
Стандартта мектепке дейінгі жастағы балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына және оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар айқындалған.
Жаңартылған Стандарт негізінде мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі отандық және шетелдік тәжірибенің ғылым мен практика жетістіктерін ескере отырып «Алгашкы кадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» деп аталатын үш білім беру бағдарламасы орнына Бағдарлама әзірленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидаларына сәйкес:
— балаларды бір жас тобынан басқасына ауыстыру ағымдағы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың орны мынадай:
-
баланың ауырып, медициналық, санаторийлік-курорттық және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған (көрсетілімі бойынша анықтама ұсынған жағдайда);
-
ата-анасының біреуіне немесе баланың өзге де заңды өкіліне еңбек демалысы берілген және бала жаз маусымында екі айға дейінгі мерзімде сауықтырылған (жазбаша өтінішті ұсынған жағдайда) жағдайларда сақталады.
Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай:
-
баланы ұстау үшін ай сайынғы төлемақы уақтылы төленбеген (төлемақыны белгіленген мерзімнен күнтізбелік 15 күннен астам кешіктіру);
-
бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;
-
дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарады.
Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері:
-
мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды;
-
мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған санаторийлік балабақшаларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады;
-
мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғандарды қоспағанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді.
Ақпарат көзі: egov.kz