Бүгiн Қызылжардың қақпасына батыр баба, қолбасшы, ақын-жырау, мемлекет қайраткерi Қожаберген жырауға қола ескерткiш қойылды. Салтанатты ашылу рәсiмiне «Нұр Отан» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Мәулен Әшiмбаев пен СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов қатысты. Қолына домбыра ұстаған Қожаберген ескерткiшiнiң жалпы ұзындығы 12 метр. Оның авторы белгiлi қазақстандық мүсiншi Қазыбек Сатыбалдин.
Қожаберген жырау Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе жерiнде дүниеге келген. Ақтабан шұбырынды туралы «Елiм ай» өлеңiнiң авторы. Көп жылдар бойы бұл туынды халық өлеңi деп айтылды. Тәуелсiздiк алғалы атақты жырау, қолбасшының есiмi елiне қайта оралып, тарихшылар зерттей бастады. Қонақтар алдында сөз сөйлеген өңiр басшысы Қожаберген жыраудың Қазақстан тарихындағы iрi тұлға екендiгiн баса айтты.
«Қожаберген Толыбайұлы — «Жетi жарғыны» жазуға қатысқан Тәуке ханның замандасы, Бөгенбай батырдың ұстазы, ұлы Абылай ханның кеңесшiсi болған үлкен тарихи тұлға.
Өзi батыр — қолбасшы, өзi ақын, сазгер, күйшi, бабамыздың солтүстiктiң киелi топырағында дүниеге келуi бiз үшiн ерекше мақтаныш», — дедi Құмар Ақсақалов.
Ашылу рәсiмiнен кейiн ескерткiшке гүл шоқтарын қою рәсiмi өттi.
Ақпарат көзi: sko.gov.kz








