Оқы орындарының жаңалықтары :: Зейнеткерлікке шығарып салу

1 жүргізуші Қайырлы күн, құрметті қонақтар!

2 жүргізуші Бүгінгі көп жылдар бойы біздің мектебімізде адал қызмет еткен Сарсекева Бибігүл Тарбаққызын құрметті зейнет демалысына шығарып салу кешіне қош келдіңіздер!

Би

1 жүргізуші

Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап,
Бірақ қимыл әлі жастай шымыр-ақ.
Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі
Күндеріңіз мұң салмасын қырындап.
2 жүргізуші

Талай күндер төккен тер мен өткен күн,
Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн.
Талай жылдар тағылымы толысып,
Еңбектен соң зейнет келіп жеткен күн.

1 Жүргізуші:

Сіз-анасыз, барша жан ардақтайтын,
Қанша жас Сізге ұқсауды армандайтын.
Еткен еңбек, төккен тер жемістерін,
Көретін кезде келді ұлықтайтын-деп сахна төріне бүгінгі кештің себепкері  Сарсекеева Бибігүл Тарбаққызын сіздердің қошеметтеріңізбен шақырамыз. (музыка Қуанышым қазынам»)

(кештің иесін көрерменмен қарсы алу) (музыка)

1 Жүргізуші:

(Музыка «Хафиз»)

Адам-өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды.Оның мәнді де сәнді,мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты.Құдіретті табиғат адами қасиеттерін мол дарытқан  апайымыздың ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі.

(Өмір дерек).

1 жүргізуші

Еленді еңбек қуанышты бәріміз,
Зейнет жаспен құлпырады сәніңіз.
Жалынды жас кейпін әлі сақтапсыз,
Қуанышқа ортақ кіші-кәріміз.

2 жүргізуші

Осы жасқа жеткен де бар, жетпеген…
Жаратқанның нұры сізде көктеген.
Зейнет жастың бар қызығын көрсетсін,
Көңіл деген көркем кейіп көк дөнен.

1 жүргізуші

Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Есен Темірғалиевич Баржаксинге беріледі.

1 жүргізуші

Зейнет жас та құтты болсын, Апайым,
Мына өмірде көрдің қиын талайын.
Қиын белдер артта қалып бақ келсін,
Қара шаштың ақ шалмасын самайын.

2 жүргізуші

Еңбегіңіз еленіп құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай немере, шөберенің ортасында аяулы әжем деген атты иеленіп жүре беріңіз! Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын!

«Анашым» Қасымова Мерей

Әдеби монтаж (7 сынып)

1. Талай кезең бір басыңнан өткіздің,
Ұрпағыңды өсірдіңіз, жеткіздің.
Әкеміздің аманатын арқалап,
Куәсісің артта қалған көп күздің.
Қашанда құптаймыз оң істі біз,
Ана алдында бәріміз борыштымыз.
Жеткіздің осы халге, бас иеміз,
Көрмейік ашаршылық, соғысты біз.

2. Бала үшін тау барып, тау асатын,
Егіз ұғым, бала-ана жарасатын.
Ағайын-туыс, жекжаттың арасында,
Биік болсын мәртебең, парасатың!
Жан ана, жадырай бер, жаның гүлдеп,
Балалар келіп жатсын сағындым деп.
Біз үшін түн ұйқыңды төртке бөлдің,
Әрқашанда біздер үшін сабылдың көп.

3. Әкенің жанын ұқтың, жарасымды,
Біздерден аямадың бар асылды.
Ардақтап, ақ ниетін өзіңе арнап,
Әкеміз болғандай бір бала сынды.
Біздер де қанат қақтық салмақтанып,
Жайландық сан қиырға самғап барып.
Аналық махаббатты ту қып ұстап,
Алдымызда жүре бер ардақталып.

4. Қадірлі боп жұртқа, достарыңа,
Шығыпсыз алпыстың асқарына.
Жетіпсіз қазыналы шаққа мына.
Соңыңызда шатқал шың, қапты қия.
Сөзіңіз, ісіңіз де тиянақты.
Айтқан ақыл, өнеге, тәліміңіз,
Жүректерге ізгілік ұялатты.

5. Құтты болсын елу сегізжасыңыз,
Жақсылық пен қуаныштан тасыңыз!
Бала-шаға қызығына кенеліп,
Әлі талай асулардан асыңыз!
Деніңіз сау, аман болып басыңыз,
Тек жоғары домаласын тасыңыз!
Ел-жұртыңның ортасында аман-сау,
Күліп-ойнап, жүзге келсін жасыңыз.

6. Құтты болсын елу сегіз жасыңыз,
Асулардан алқынбастан асыңыз!
Бақытты боп отбасы ортасында,
Қуаныштан аққан судай тасыңыз.
Ортаймасын ешқашан да көңілің,
Қызықты да ұзақ болсын өмірің!
Ұл-қызыңның қуанышын тең бөліп,
Жүрсін лайым Есқақ  аға  серігің.

1 жүргізуші

Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет! Қуанышыңыз тағы да құтты болсын! Еңбек демалысыңыздың әр күні шалқыған шаттыққа, отбасы-Отанда, ұл-қыздардың ортасында балқыған бақытқа толсын! Өмір жолыңыз ұзақ болып, көрген бейнетіңіздің зейнеті 100 есе, 1000 есе болып денсаулық, бақыт, байлық алып келсін! Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ғұмыр тілейміз

Құттықтау сөз әріптестерінің атынан беріледі.

Ән «Әке ана» Ережеп Нұрасыл

2 жүргізуші

Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз! Қуанышыңыз ұзағынан болсын! Ағайын-туыстың құрметіне, қосағыңыздың үлдесі мен бүлдесіне, немере мен шөберелердің шу-күлкісіне, ұл-қыздарыңыздың жеңісті шақтарын көрген шаттықтың бақытты сәттеріне бөленген әдемі ғұмыр кешіңіз!

Құттықтау сөз Бибігүл апамыздың туыстарына беріледі.

Ән «Асыл әжем» Меруерт

1 жүргізуші

Отбасы ол шағын мемлекет. Бибігүл апайымыздың тағдыр қосқан қосағы да өсіп-өнген елдің азаматы Сарсекеев Есқақ Қасымұлы ағамызбен 40 жылдай отасып,2 ұл 1 қызды тәрбиелеп, ұлын ұяға,қызын қияға қондырды. Сөз кезегін Есқақ ағаға береміз.

2 Жүргізуші: құттықтаймын дегендерге сөз кезегін береміз

Ән «Қимай тұрмыз» Сарсекеева Ж.М., Таласбаева Г.К.

1 жүргізуші осымен құттықтау кешіміз өз мәресіне жетті. Қош сау болыңыздар!

Зейнеткерлікке шығарып салу

Зейнеткерлікке шығарып салуЗейнеткерлікке шығарып салуЗейнеткерлікке шығарып салуЗейнеткерлікке шығарып салу

Жариялану күні: 12.11.2018