Өңір жаңалықтары :: «Абай жаққан бiр сәуле» ақындар мүшәйрасының жеңiмпаздары

Петропавлдық жеткiншектер «Абай жаққан бiр сәуле» атты 1-шi республикалық жас ақындар мүшәйрасында топ жарды. Дүбiрлi дода ақпанның 14-i мен 16-сы күндерi аралығында Алматы қаласында өттi. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған 200-ден аса талантты ұл-қыз әр түрлi номинация бойынша бақтарын сынады.

Диас Аяған 11-шi сыныпта оқиды. Өлең жазуды 13 жасынан бастаған екен. Қоршаған ортада көрген-бiлгенiн қағаз бетiне түсiрудi жаны сүйедi.

Диас Аяған — Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Қазiргi күнi 30-ға жуық өлеңiм бар. Туындыларым көбiнесе табиғат, көңiл-күй, махаббат, сезiмге байланысты тақырыптарды қамтиды.

Жақында Алматы қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республикалық байқау ұйымдастырылған болатын. «Абай жаққан бiр сәуле» деп аталатын жас ақындар мүшәйрасында Диас ерекше көзге түстi. Ол ұлы ақынымызға арнап өз туындысын әзiрлеген екен. Талантты жеткiншек сол өлеңiмен қарсыластарынан оқ бойы озып, 1-шi орынды ұтып алды.

Диас Аяған — Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Абайға өлең жазу үшiн алдымен оның шығармаларын, қара сөздерiн, және Абай жайлы жазылған шығармаларын оқыдым. Мен оның даналығы, ақындығы сияқты ерекше қасиеттерiн жаздым.

Мүшәйрадан олжамен оралған тағы бiр қызымыз — Еркежан Төлекеева. Бұрымды Абай атамыздың қара сөздерiндегi афоризмдердi талдау олимпиадасында 3-шi орынды иеленiптi.

Еркежан Төлекеева — Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Маған Абайдың 21-шi қара сөзi түстi. Онда үлкендiк жайлы айтылады. Қай кезде адам есейедi және есейген кезде мiнезi қандай болатыны жайлы айтылады. Мен соны талдап бердiм.

Бұл оқушылардың барлығы — Ерiк Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебiнiң шәкiрттерi. Бiлiм ұясында тәлiм алып жүрген ұл-қыздар бұған дейiн де түрлi облыстық және республикалық додаларда топ жарып, жүлделi орындардан көрiнген.

Жарқын Жұпархан — Е.Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебiнiң жетекшiсi:

– Бiзде жазба ақындық бойынша 15-тей бала, айтыскерлiк бағыты бала бойынша 5 бала бар. Және шәкiрттер одан бөлек мәнерлеп оқу, шешендiк, актерлiк бағыттар бойынша тәлiм алады.

2 жыл бұрын ашылған өнер ошағында қазiр 50-ге жуық студент пен оқушы тәлiм алып келедi.

Бердимурат Баймухан

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 19.02.2020