Петропавлдың бас жоспары әзiрленуде. Жыл соңына дейiн жоба дайын болуы тиiс. Әрбiр ықшам ауданда жүргiзiлетiн жұмыстар облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Шараға құрылыс саласына жауапты тұлғалар мен мердiгерлер де қатысып, жоспарларымен бөлiстi.
Көпқабатты үйлер, әлеуметтiк маңызы бар нысандар мен ойын-сауық орталықтары. Соңғы жылдары Петропавлда құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Алғашқы жартыжылдыққа бекiтiлген жоспарды да асыра орындаппыз. Бастысы бiр орында тұрып қалмай, шаруаны жалғастыру қажет. Бiрақ, бұл ретте жақсы ойластырылған, заман талабына жауап беретiн жобалар керек. Жиында дәл осы мәселе қарастырылмақ. Нұрбек Аужанов отырысқа арнайы Алматы қаласынан келiптi. «Градкомплекс» серiктестiгiнiң директоры елiмiздегi әрбiр облыс және шаһарлармен жақсы таныс. Инфрақұрылымын, дамуын жiтi зерттеген. Айтуынша, терiскейдiң төрiндегi қаланың әлеуетi зор. Бос орындар көп. Петропавлдың сыртында ғана емес, орталығында да жетiп жатыр. Бейберекет, пайдасыз тұрған аумақтарды тиiмдi пайдалана бiлген жөн. Осы ретте еңкiш тартқан жер үйлердi сүру мәселесiн де алға тартты.
Нұрбек Аужанов — «Градкомплекс» ЖШС директоры, Алматы қаласы:
– Менiң ойымша, Петропавл шағын, бiрақ нысандары жақын орналасқан қала болуы қажет. Яғни, әрбiр аумақты тиiмдi пайдалану керек. Өткен жылы қалада 600-ден астам жер үй сүрiлдi. Биыл да шаруаны жалғастырып жатырсыздар. Өте жақсы бастама. Екiншiден, индустриалдық аймақты қайта құру керектiгiн айтқым келедi. Яғни, бос тұрған зауыттардың ғимараттарын алып, спорт зал, ойын-сауық орталықтарына айналдыруға болады. Осылайша, қала тұрғындарының қажеттi нысандарға деген қолжетiмдiлiгiн арттырамыз.
Петропавл қаласының орналасуы өте тиiмдi — дәл Есiл жағасында. Бiрақ, 267 жыл iшiнде әлi бiрде-бiр кәсiпкер паркке ұласатын жағалауды қолға алмапты. Нұрбек Аужанов көрiктi, қала тұрғындарының сүйiктi мекенiне айнала алатын орынды жасау қажет дейдi. Бұл болашақта инвесторларды тартуға септеседi. Себебi, табиғаты сұлу, көрiнiсi керемет жерде баспаналы болу — әр адамның арманы.
Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:
– Қаланың аумағын үлкейтудiң мәнiсi жоқ. Бұл — қомақты қаржыны талап етедi. Себебi, инфрақұрылымның барлығын тарту қажет. Жер үйлердi сүру жұмысын жалғастырып, босаған жерлердi пайдаланатын боламыз.
Петропавл қонақтарын бiрiншi болып қарсы алатын Жас Өркен ықшам ауданы күн сайын адам танымастай өзгеруде. Жұмыс жалғасатын болады. Маңыздысы — бiрыңғай тұжырымдаманы ұстану қажет. Яғни, нысандарды тұрғызумен айналысатын кәсiпкерлер әр түрлi болғанымен, ғимараттардың дизайны бiр-бiрiмен үйлескенi абзал.
Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:
– Сәулеттiк стильдi ұстаныңыздар. Нысандарды кешен ретiнде тұрғызу қажет. Бөлек-бөлек салып, әр түрлi болғаны керек емес. Бұл ең бiрiншiден көзге тартымды көрiнбейдi. Сондықтан, түстерi мен дизайндарына мән берiңiздер. Барлығы үндестiкте болсын. Айта кеткен жөн, коммерциялық мақсатта ғимарат, баспана саламын деген инвесторларды қолдауға дайынбыз.
Жас Өркен ықшам ауданының жағдайы түсiнiктi. Аймақтың өркендеп, гүлденуi жалғасады. Берекеге тоқталайық. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2017-ден қарқын алған болатын. Бiрнеше көпқабатты баспана тұрғызылды, мектеп те салынуда. Бiрақ, әлi де аз. Сондықтан, тұрғын үйлердiң қатары артпақ. Қазiр мұнда 100 пәтерлiк 6 бiрдей нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Олардың иелерi мемлекеттiк бағдарламалар арқылы анықталады. Кейiн салынатын баспаналар коммерциялық мақсатта болмақ. Осы ретте, берекелiктердiң құлағына алтын сырға. Шағымдалатын жолдардың мәселесi бiржақты етiледi. Қазiр олардың енi 6 метр болса, тағы 3 метрге созылмақ. Жұмыс басталып кеттi.
40 га болатын су жаңа, заманауи шағын аудан Қапайда орналаспақ. Жобалаушылар жоспарларын жиында жұртшылық назарына ұсынды.
Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:
– Шыны керек, әрбiр аудан өзiнiң ерекше тұстарымен қызықты. Қапай бiр стильде тұрғызылмақ. Яғни, әрбiр нысан, үй бiр-бiрiн дизайны жағынан толықтырып тұрады. Сондықтан, ықшам ауданды мына видеодағыдай жасауға тырысу керек.
Шаһарда әлеуетi зор тағы бiр шағын аудан бар, ол — Шығыс. Көпбейiндi аурухана дәл осы жерде тұрғызылады. Мұндай мүмкiндiк жер учаскелерiн коммуналдық жекеменшiкке қайтарғандықтан пайда болып отыр. Жұмыс 2021-дiң 4-шi тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:
– Тамыз-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Бұл өлкемiз үшiн бiрегей жоба болайын деп отыр. Кейiн Шығыс шағын ауданында әлеуметтiк маңызы бар өзге де нысандар салынады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерiне арнап көпқабатты баспана көтеру керек. Оның кемiнде бiр-екеуiн 21-жылға дейiн аяқтауды көздеп отырмыз.
Бұрындары әкiмдiк меншiгiнде болып, кейiн не тегiн таратылған, не ақшаға сатылған жер учаскелерiн қайтару шараларына қарқын қосу қажет. Қазiр осындай 70 аумақты қайта жергiлiктi билiк балансына беру жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Қала құрылысының бас жоспары айқындала бастады. Жыл соңына дейiн оның кем-кетiк тұстарын тауып, дұрыстап, бекiту қажет. Кейiн маңызды құжаттың iске асуын қадағалауда ұстау керек.
Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:
– Бас жоспарды жасап, бекiтемiз. Кейiн оған ешбiр өзгертулер енгiзiлмейдi. 2007 жылғы жоспарды 2010-да бәзбiреулер жаңартыпты. Осылайша, әлеуметтiк маңызы бар нысан салынуы тиiс аумаққа жер үйлер тұрғызылған.
2010-дағы қателiктердiң қайталануына жол берiлмейдi. Өзгерiстiң енгiзiлуi керек болған жағдайда да арнайы кеңес құрылып, барша жұртшылықтың талқылауына шығарылатын болады дедi Құмар Ақсақалов. Жиында тағы шаһарда жүргiзiлiп жатқан аббаттандыру шаралары туралы айтылып, балалар алаңқайы мен тренажерлардың орнатылуы да сөз болды. Бұның барлығы жоспарға сай жүргiзiлуде.
Эльмира Садвокасова
Ақпарарт көзі: mtrk.kz
Ақпарат көзі: mtrk.kz



