Оқы орындарының жаңалықтары :: Кітаптар әлемі шақырады

2 сәуір халықаралық балалар кітабы күні

«Кітаптар әлемі шақырады!»

Іс-шараның тақырыбы: «Кітаптар әлемі шақырады!»

2 сәуір-халықаралық балалар кітабы күніне орай , кітапханада «Кітаптар әлемі шақырады» көңілді ойын-сабақ 3 сынып ,4 сынып оқушылармен өткізілді .Оқушылар жұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, сонымен бірге , суретке қарап ертегін айтып берді.Балалар өз уақыттарын көңілді өткізе алады.

Мақсаты:

Білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру. Кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Оқулықтарды күтіп ұстауға үйрету.

Іс шараның көрнекілігі: суреттер, кітап жайлы жазылған нақыл сөздер, кітап көрме.

Қонақ күту - салтымыз,

Оқып - біліп жатырмыз.

Келген қонақ сіздерге,

Сәлем бердік жалпымыз.

  1. тақырыбын ашу. Жұмбақтар жасыру

Көзге танытқан,

Сөзді дамытқан.

Ойды кеңейткен,

Озықтарға теңейткен. (Мектеп)

Ойнақтаса қолыңда,

Із қалмайды соңында. (Өшіргіш)

Үстінде есігі,

Өзі орындық, әрі үстел,

Оқушылар бесігі. (Парта)

Ілулі тұр кең алаң,

Керегімді мен одан

Жазып алам көшіріп,

Сүртем сосын өшіріп. (Тақта)

Қырық екі жауынгер,

Санын түзеп тұрады.

Бүлдіршіндер,

Қауымды ел,

Сырын терең ұғады. (Әліпби)

Көп әңгімем өлеңім,

Күнде ақыл беремін.

Жақсы көрсе мені кім,

Мен де оны жақсы көремін. ( Кітап).

Кітап та алма ағашы,

Жемісін біздер теретін.

Тәтті алмаға балашы,

Кітабыңның әр бетін,- деп Мұзафар Әлімбаев атамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар сендерге білім көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде - ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп өнеге мен тәрбие аламыз. Оқығаның, тоқығаның көп болса жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан да бүгінгі іс-шараның тақырыбы «Кітаптар әлемі шақырады!» деп аталады.

- Балалар

Кітап адам өміріне аса маңызды роль атқарады. Отанды сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды. Кітап жаман әдеттерден аулақ болуға үндейді. Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында пайдаланады. Оны оқиды, одан тәлім - тәрбие, үлгі - өнеге алады. Сондықтан да біз кітапты сүйеміз. Кітап - біздің досымыз!- дейміз. Ол - біздің рухани жан азығымыз!- дейміз.

Біздің елімізде көптеген дәстүрлі мерекелер бар. Олар біздің салт - дәстүрімізді, тарихымызды жаңғыртып отырады. Ал кітап дүние жүзі көлемінде аталып өтетін маңызы өте жоғары рухани байлық болып табылады. 2 – сәуір - «Халықаралық балалар кітабы күні» және 23 сәуір - «Дүниежүзілік кітап күні» болып табылады.

Қымбатты балалар. Бүгін біз сендермен кітап туралы және кітаптың құрылымы туралы әңгімелесеміз.

Кітаптың шығу тарихы

Алғашқы кітап осыдан әлденеше жыл бұрын пайда болған. Ол біздің қолымыздағы кітапқа еш ұксамайтын. Алғаш рет кітап жұмсақ балшықтан жасалды. Жұмсақ балшыққа үшкір нәрсемен жазу, жазып, оны кептіріп, сосын күйдірген. Ол кәдімгі кірпіш тас сияқты болған. Бамбук деп аталатын өсімдіктен таяқшалар әзірленіп, соған да жазған. Ежелгі Египетте кітапты тасқа қашап жазған. Кейіннен жануарлардың терісінен пергамент деп аталған материал жасалып, кітап соған жазылған. Еуропада кітап шығарудың негізгі материалы қағаз XIII ғасырда пайда болған. Кітаптың шығу тарихы мыңдаған жылдар мен ғасырдағы артқа тастаған екен.

Кітап қалай жазылады.

Қағаздың негізгі материалы – ағаш. Ағаш орманнан кесіледі, жүргізушілер жүк машиналарына тиеп фабрикаларға жеткізеді, фабрика жұмысшылары ағашты өңдеп, одан қағаз жасайды. Дайын қағаз кітап шығарылатын баспаханаларға жеткізіледі. Жазушылар, ғалымдар кітаптың мәтінін құрастырады, оны әріп терушілер кітап бетіне түсіреді, суретшілер мәтінің мазмұнына сәйкес суреттерімен безендіреді. Осылайша кітап сауда орындарына және білім мекемелеріне таратылады. Оқушылар кітап шығару ісінде мыңдаған адамдардың маңдай тері бар екенін және көп көлемде қаржы бөлінгенін үнемі есіңде сақтау керек. Сондықтан кітапқа үнемі құрметпен қарап, таза ұстауға дағдыланғаның жөн.

“Жалғасын тап” ойыны

  1. Білім -... (таусылмайтын байлық).
  2. Кітап - білім бұлағы,... (білім - өмір шырағы).
  3. Кітап –... (алтын қазына).
  4. Өнерліге... (нұр жауар).
  5. Өнер - ағып жатқан бұлақ,

... (Білім – жанып жатқан шырақ).

Кітапханашы . – Жарайсыңдар! Сендер кітапты көп оқисыңдар ма?

Қандай ертегілерді білесіңдер? (жауаптары.)

Ойын: «Суретті сөйлет».

Балалар суреттерге қарап, ертегінің атын атайды. Слайдтан қарап айтады.

Кітапханашы: - Кітапты көп оқисыңдар екен. Жарайсыңдар! Жұмбақ, жаңылтпаштар оқыдыңдар ма?

- Қане, жатқа білесіңдер ме? (Балалар білгендерін айтады.)

- Балалар, ертегі кейіпкерлері сендерге викториналық сұрақтар алып келіпті.

Викториналық сұрақтар

  1. Кітаптар тұрағы қалай аталады? (Кітапхана)
  2. Кітаптармен жұмыс істейтін маман қалай аталады? (Кітапханашы)
  3. Кітапханаға үнемі барып кітап оқитын адам қалай аталады? (Оқырман)
  4. Балаларға арналған қандай газет - журналдарды білесіңдер? («Ұлан», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ» т. б.)
  5. Кітап басып шығаратын жер қалай аталады? (Баспахана)
  6. Мектеп оқулықтары қандай баспалардан шығады? («Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап»)
  7. Кітапты жазған адамды қалай атайды? (Автор)
  8. Халықаралық балалар кітабы күні қай күні? (2 сәуір)
  9. Дүниежүзілік кітап күні қай күн? (23 сәуір)

Ойын: “Иә - жоқ”. ---------------------Кітап нені сүйеді?

Кітап белгі бауын “иә”,----------------------- Қарды, не жаңбырды “жоқ”,

Кір қолды “жоқ”, ------------------------------- Ұқыпты ұстағанды “иә”,

Қуырған жұмыртқаны “жоқ”, --------------- Еденде жатқанды “жоқ”,

Білгіш оқушыларды “иә”, -------------------- Кітап сөресінде тұруды ”иә»

Кітап туралы қанатты сөздерді оқып шығу

Кітаппен дос бол, оның жомарт беттері көзіңді ашар,

адал дос одан жоқ тегі. (Расул Гамзатов)

Талап қыл артық білуге, артық білім кітапта,

ерінбей оқып көруге. (Абай)

Әрбір адамның ең жақсы досы,

өмірлік досы кітап болуы тиіс. (Мұхтар Әуезов).

- Жақсы, балалар

«Балалар, сендер шынымен де кітаппен дос екенсіңдер. Кітап оқысаңдар білімдерің толады. Білімді, парасатты адам боласыңдар. Ендеше мен сендерге келесі ескертпені бергім келеді. Ойларыңа түйіп алыңдар. Сонымен бірге мен сендерге кітаптың арасына салатын белгі бауды сыйға тартамын. Балақайлар, мен сендерге сәттілік тілеймін!»

- Құрметпен Бөгде ғаламшарлық

Кітап туралы ережелер:

  1. Кітаптың мұқабасы бүлінбес үшін оны қаптап ал.
  2. Тамақ ішіп отырып кітап оқыма, оны ластап алуың мүмкін.
  3. Кітаптың арасына қаламсап және басқа жуан нәрсе салма, оның түбі жыртылады.
  4. Кітап беттерінің бұрыштарын бүктеме – оның бұрыштары жыртылады. Кітап беттерінің арасына қыстырғыш жасап ал.
  5. Кітап беттерін жыртпа, кітапқа сурет салма, оған жазба, кітапқа сиямен де, қарындашпен де ешбір белгі салма.
  6. Кітапты майыстырып бүктеме, оның беттері жыртылады.
  7. «Кітап – сенің досың» екенін ұмытпа!

Жариялану күні: 04.04.2023