Иә, оқу жылы әлi басталмаса да ұл-қыздар қолдарына қалам мен дәптердi қайта алды. Олардың жазғы демалыстан ертерек шығуына — қашықтықтан бiлiм алу жүйесi себеп. №9 орта мектептiң 11-шi сыныбында қазiр ағылшын сабағы жүрiп жатыр.
Ұл-қыздар үшiн тақырып жаңа емес. Бұл — өткен оқу жылының 4-шi тоқсанындағы материал. Сәуiр мен мамыр айларында оқушылар оны онлайн түрде меңгерген болатын. Мұндай форматта бiлiм алу барлығына бiрдей оңай емес. Сондықтан, өңiр бойынша жазғы мектептер жұмысын бастады. Мақсат — өткендi қайталап, шолу жасау.
Жазғы мектептер қазақ тiлi, орыс тiлi, математика, тарих сынды тек негiзгi пәндердi қамтиды. Консультацияларға оқушылардың барлығына қатысу мiндет емес. Ол белгiлi бiр тақырыпты түсiнбеген немесе ұмытып қалған ұл-қыздарға арналған. Қайталаймын дегендерге де, әрине, онлайн сабақтың есiгi ашық. Педагогтар 4-шi тоқсанның материалына шолу жасауға тамыздың 25-iне дейiн уақыт бөлмек. Кейiн жаңа оқу жылына дайындықтарын бастайды.
Татьяна Протопопова — СҚО бiлiм басқармасы басшысының орынбасары:
– Биыл оқушыларға сабаққа мектеп формасын киiп келу қажет деген талап қойылмайды. Бастысы, үстерi ұқыпты болу керек. Оқулықтар жөнiнде де уайымдаудың қажетi жоқ. Сыныптардың барлығын кiтаптармен толық қамтимыз. Кейбiр оқушыларға қашықтықтан бiлiм алуға техника мүмкiндiк бермейдi. Бұл мәселенi де шешу үстiндемiз. Алдағы уақытта 15 мың компьютер мен ноутбук таратуды көздеп отырмыз.
Кезекшi сыныптар қалай жұмыс iстейдi? Жаңа тақырыпты оқушылар қандай платформа арқылы меңгередi? Үй жұмысын жасап, оны мұғалiмге қалай тексертедi? Қашықтықтан оқу форматына қатысты сұрақ өте көп. Мәселелердiң барлығы бүгiн бiрыңғай республикалық педкеңесте қарастырылды. Шараға елiмiздiң барлық мектептерi қатысты.
Эльмира Садвокасова
Ақпарат көзi: mtrk.kz