Білім жаңалықтары :: Облыстық кітапханада жазушылардың туындылары таныстырылды

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада әлемге танымал жазушылардың туындылары таныстырылды. Нақтырақ айтсақ, Шыңғыс Айтматов, Александр Беляев, Болеслав Прус сынды қаламгерлердің ең үздік деген шығармалары жайлы / қысқаша баяндалды.

Шыңғыс Айтматов – қазақ пен қырғыз әдеби мұрасын ортақтастырған жан. Ол қаламның ұшына жан бітіріп, талай шығарма жазған. «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Боранды бекет», «Құс жолы». Мұң мен сырға толы бұл туындылар кез келген оқырманның жүрегін жаулап алатыны рас.

Фархад Таев – С. Мұқанов атындағы ОҒӘК өкілі:

– Шыңғыс Айтматов адамның өмір жолында кездесетін қиындықтар жайлы көп жазған. Шығармаларын оқи отырып әр түрлі күйге енесің. Сондықтан да қаламгердің шығармаларын тек қазақ пен қырғыз ғана емес, әлем халықтары да ерекше ынтамен оқиды.

Үстелдің үстінде Шыңғыс Айтматовтан бөлек, Федор Достоевский, Василий ШукшИн, Александр Беляев сынды орыс жазушыларының шағын жинақтарын да байқауға болады. «Фараон» деп аталатын бұл кітап польшалық Болеслав Прустың қаламынан туған. Туындыда б.д.д. 6-шы ғасырдағы Мысыр халқының өмірі жайлы баяндалады.

Фархад Таев – С. Мұқанов атындағы ОҒӘК өкілі:

– Тарихи шығармада Египетте өмір сүрген халықтардың діни сенімі жайлы жазылған. Сол кезде адамдар құдіретті деп ойлаған затқа сыйына беріпті. Мемлекет басшысы да тек қара басының қамын ойлайтын болған.

Алайда, қазір жастардың көбі ынталандыратын кітаптарды жиі оқитындықтан, бұл шығармалардың, тіпті, бетін ашып қарайтындар аз. Фархад Таев егер қыз-жігіттер осындай туындыларға қызығушылық танытса, ой-өрістері одан әрі дамитындығын айтады.

Маржан Касымбек

Ақпарат көзі https://mtrk.kz/

Жариялану күні: 20.08.2020