Өңір жаңалықтары :: Өңiрде вакциналаудың екiншi кезеңi бастау алды

Өңiрде вакциналаудың келесi кезеңi бастау алды. Жоспар бойынша осыдан 21 күн бұрын екпе салдырған 1200 солтүстiкқазақстандық «Спутник V»-дiң екiншi компонентiн қабылдайды. Нәтижесiнде ағзада COVID-19-ға қарсы иммунитет қалыптасады.

Дене қызуы тексерiледi, қан қысымы өлшенедi, жұтқыншақ қаралады. Вакцина қабылдаудың дәл алғашқы кезеңiндегiдей бұл жолы да дәрiгерлер келушiлердi жiтi бақылайды. Алғашқы компонент қысқа мерзiмге, яғни 21 күнге ғана әсерiн бередi. Ресейлiк “Спутник V”-дiң екiншi дозасын қабылдағанда ғана адам бойында ковид-19-ға қарсы иммунитет қалыптаса бастайды.

Әсет Жұматаев — СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментiнiң басшысы:

– Жұқпалы аурулармен күрес кезiнде екпе егудiң маңызы зор. Ол бiрiншiден, өте тиiмдi әрi қауiпсiз. Тұрғындарға айтарым, мүмкiншiлiктерiңiз болса вакцина қабылдаңыз. Осындай iс-шараларға қатысу арқылы ғана коронавирусты жеңе аламыз деп ойлаймын.

Әсет Жұматаевтiң сөзiнше, вакцина қабылдаған адамның бойында вирусқа қарсы иммунитет 2 жыл сақталады. Десе де, маскасыз жүруге әлi ерте. Ол үшiн халықтың кем дегенде 70%-ы вакцина алуы керек дейдi өңiрдiң бас санитарлық дәрiгерi. Әзiрге, екiншi компонеттi 1200 медицина қызметкерi қабылдауы тиiс. Екпенiң келесi партиясы аймаққа ақпан айының соңында немесе наурыздың басында әкелiндi. Бұл жолы ресейлiк вакцина — “Спутник V”-дiң Қарағандыда шығарылған түрi жеткiзiлмек.

Нұрлан Айманов — СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– «СК-Фармация» Қарағандыда шығарылған вакцинаның 2800 дозасын жеткiзудi жоспарлап отыр. Бiрден 1-шi және 2-шi компонентi әкелiнедi. Кейiн екпе егу шарасынан өтпеген медицина қызметкерлерiне салынады. Қатарда күш құрылымдарының қызметкерлерi мен педагогтар да бар.

Ал отандық “QazCovid-in” вакцинасын егу шаралары мамыр немесе маусым айларында бастау алады. Қазiр клиникалық сынақтардың соңғы — 3-шi кезеңi жүрiп жатыр.

Маржан Касымбек

Ақпарат көзі: mtrk.kz

Жариялану күні: 23.02.2021