Өңір жаңалықтары :: Аққайың ауданында жаңа сүт-тауарлы ферма жұмыс iстеп тұр

Өткен жылы облысымызда 600 мың тоннаға жуық сүт өндiрiлген. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов келешекте бұл көрсеткiштi 1 млн тоннаға жеткiзу керектiгiн айтқан болатын. Бұл ретте өлкеде ауқымды шаруа жүргiзiлуде. Соңғы 3 жылда 12 бiрдей сүт фермасы iске қосылды. Биыл тағы 10 кешен салу көзделiп отыр. Өлкедегi заманауи агроқұрылымдардың бiрi Аққайың ауданында орналасқан.

Бұл — Аққайың ауданына қарасты Ленинское ауылында небәрi 3 ай бұрын бой көтерген су жаңа сүт-тауарлы ферма. «Иван Зенченко» серiктестiгiне тиесiлi кәсiпорын 1600 басқа шақталған. Заманауи кешен соңғы үлгiдегi қондырғылармен қамтамасыз етiлген. Тиiсiнше, мұндағы шаруаның барлығы автоматты түрде атқарылады.

Сергей Лысенко — «Иван Зенченко» ЖШС кешен меңгерушiсi, Аққайың ауданы:

 — Кешендегi заман игiлiктерiнiң барлығы — германиялық өнiмдер. Бүгiнде фермада 40-қа жуық адам еңбек етедi. Оның 10-ы сиырларды күтумен айналысады. 5 адам техниканы тiзiгiндесе, тағы 5-уi сауыншылық қызмет атқарады. Соңғылары күнiне 100-ден астам сиыр сауады. Кадр тапшылығы жоқ.

Жалпы, кешен 6 корпустан тұрады. Бiреуiнде Зеңгi баба төлiн саууға арналған арнайы қондырғы орналасқан. Мұнда мамандар тұяқтыларды күнiне 2-3 реттен сауады. Ал қалған нысандар iрi қараны күтiп-ұстауға арналған. Олардың бiреуiне 1200 бас бұзау мен 4-уiне 400 бас сиыр сыяды.

Жанна Бисенова — тiлшi:

– Мына сиырлар өткен жылдың жазында сонау Германиядан әкелiндi. Мамандар симментал тұқымды тұяқтыларды күнiне 2 рет азықтандырады. Бiр-бiреуi тәулiгiне 30 литр ақ бередi екен.

Мамандар сиырлардың дәл осы тұқымын бекерден-бекер таңдамаған. Симментал сиыры — әлемде ең кең таралған iрi қара мал. Ерекшелiгi сол, сүттi өзгелерiне қарағанда 10 литрге молырақ бередi әрi түрлi жем-шөпке, климатқа оңай бейiмделедi екен.

Сергей Лысенко — «Иван Зенченко» ЖШС кешен меңгерушiсi, Аққайың ауданы:

– Бүгiнде фермада 1200 бас симментал сиыры мен 500 бұзау бар. Жазға қарай тағы 400 бас алуды жоспарлап отырмыз. Бұл сиырлардың әрқайсысы жылына орташа есеппен 5 мың литрге дейiн ақ бередi. Сауылған сүт алдымен салқындатылады, сосын барып қаладағы зауыттарға жiберiледi.

Өткен жылы аймаққа жалпы 2800 бас симментал сиыры әкелiнiптi. Биыл тағы 4 мыңын алу жоспарлануда. Айта кетейiк, бүгiнде өңiрiмiзде сүт өндiрiсiмен 90-нан астам кәсiпорын айналысады. Оның 21-i — заманауи кешен. Ауқымды шаруа биыл да жалғасын таппақ. 2021-де облыста тағы жаңа фермалар салу көзделiп отыр.

Талғат Наурызбаев — СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Былтыр өңiрде 11 сүт кешенiнiң құрылысы жоспарланған болатын. 3300 басқа шақталған 5 бiрдей кешен қолданысқа тапсырылды. Олар Аққайың, Қызылжар, М.Жұмабаев, Уәлиханов және Айыртау аудандарында орналасқан. Биыл бiз облыс бойынша 5 мың басқа шақталған тағы 10 сүт кешенiн салуды жоспарлап отырмыз.

Шағын статистика: әр қазақстандық жылына 340 литр сүт iшедi екен. Өткен жылы бiздiң облыста 600 мың тоннаға жуық сүт өндiрiлген. Яғни, терiскей өңiрi 2 млн-ға жуық отандасымызды сүтпен қамтамасыз етедi деген сөз. Ал бұл — ел халқының 10 пайызы. Бұл жайлы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қаңтар айында өткiзген есептiк кездесуiнде баян еткен болатын.

Құмар Ақсақалов — Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi:

– Аграрлы аймақтағы басты мақсаттардың бiрi — сүт саласын дамыту. Соңғы 3 жылда өңiрде 12 бiрдей сүт фермасы iске қосылды. Биыл бiрқатар кешеннiң құрылысы бастау алмақ. Нәтижесiнде сүт өндiрiсi өткен жылға қарағанда 51 мың тоннаға ұлғаяды. Келешекте бұл көрсеткiштi 1 млн тоннаға дейiн жеткiзуiмiз керек.

Бисенова Жанна

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 19.02.2021