Өңір жаңалықтары :: Әскери-техникалық мектептi 33 сарбаз тәмамдады

Антыңа адал бол жауынгер. Бүгiн Петропавлдағы әскери-техникалық мектептi 33 сарбаз тәмамдады. Солтүстiкқазақстандық және қостанайлық жiгiттер / 40 күн бойы әскери бiлiм алған болатын. Олар осы уақыт iшiнде темiрдей тәртiпке бейiмделдi, жауынгерлiк әдiс-тәсiлдердiң қыр-сырын меңгердi.

Отан алдындағы борышын өтеу — әр ер азаматтың парызы деп бiледi Абай Дүйсенғали. 25 жастағы қостанайлықтың мамандығы — ветеринар-санитар. Алайда, болашақта құзырлы органдарда қызмет атқарғысы келедi екен. Сол себептi, Петропавлдағы әскери-техникалық мектепке құжат тапсырған. “1 жыл болмаса да, 40 күн iшiнде әскери өмiрдiң қызығы мен шыжығын көрдiм”, — дейдi Абай.

Абай Дүйсенғали — ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебi Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгерi:

– Әскери мектепте көптеген әскери әдiс-тәсiлдердi үйрендiк. Келгенiме еш өкiнбеймiн. 40 күн iшiнде әскери жылдың тәттiсi мен ащысына куә болдық. Мұнда бейбiтшiлiк кезiнде және соғыс жағдайында қандай әдiстердi қолдану керектiгiн үйретедi.

Ал Шыңғысхан Ерекешев болса, әскери өмiрге аз уақыттың iшiнде баулыған жергiлiктi ұстаздарға алғысын айтады. Азаматтың мамандығы — заңгер. Алдағы жоспарларына байланысты темiрдей тәртiпке үйренiп, әскери билетке қол жеткiзудi шешкен.

Шыңғысхан Ерекешев — ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебi Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгерi:

– Бiзге бұл мектепте көп нәрсе үйреттi. Өте қызықты болды. Мұнда Ауған соғысының 32 жылдығына орай кезiнде ұрысқа қатысқан батыр жайлы мақала да жаздым. Жалпы, өзiме керектi бiраз ақпарат алдым.

40 күнде әскери даярлықтан өткен 33 сарбаз бүгiн ант қабылдады. Оның 18-i қостанайлық болса, ал қалғаны — терiскейлiктер. Жас ерекшелiктерi 24 пен 35-тiң аралығын құрайды.

Қалиолла Сауытбеков — ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебi Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

– Мұнда бiз жауынгер әскери жағдайда ненi бiлу керек — соның барлығын үйретемiз. Мысалы, сапта тұру, мылтық ату, окоп қазудан сабақ беремiз.

Жалпы, жергiлiктi әскери мектептен 13-шi жылдан берi 2 мың 700-ден астам түлек ұшқан. Мамандар жауынгерлердiң келесi легiн 26-шы ақпаннан бастап қабылдамақ.

Алтынай Қазиқан

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 22.02.2021