Өңір жаңалықтары :: «Agro Lab» серiктестiгi мен СҚМУ арасында меморандумға қол қойылды

Университет студенттерi үшiн бiлiмдерiн тәжiрибе жүзiнде шыңдауға тағы бiр мүмкiндiк туды. Бүгiн «Agro Lab» серiктестiгi мен СҚМУ-нiң агротехнологиялық факультетiнiң арасында кафедра бөлiмшесi ашылды. Мұнда қос тараптың өкiлдерi топырақтың құрамын талдап, сапасын анықтайды. Естерiңiзге сала кетейiк, агрохимиялық зертхана өңiрiмзде өткен күзде ашылған болатын.

Қазiр жергiлiктi агрохимиялық зертханада 15 адам қызмет етiп жатыр. Бiлiктi мамандар солтүстiк өңiрдiң егiстiк алқаптарындағы топыраққа талдау жасап, сапасын анықтайды. Топырақты зерттей келе оның құрамында маңызды элементтердiң жоқтығы анықталса, аграрийлерге ол жерге тыңайтқыш себу қажеттiгi туралы айтылады.

Дмитрий Усов — «Agro Lab» ЖШС директорының орынбасары:

– Бiз 200 мың гектар алқаптан топырақ сынамаларын алдық. Бұл — Есiл, Ғ.Мүсiрепов, Тайынша және М.Жұмабаев ауданының жерлерi. Қазiр алынған үлгiлердiң құрамын зерттеу бойынша жұмыс жүргiзiп жатырмыз.

Сондай-ақ, мұнда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нiң 4 түлегi еңбек етедi. Айгерiм Хасенова 2016 жылы университеттi агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Кейiн тағы 2 жыл магистратурада бiлiмiн шыңдаған. Агрохимияның қыр-сырын толық меңгерген нәзiкжанды жақында осы зерттеу нысанына жұмысқа орналасыпты.

Айгерiм Хасенова — «Agro Lab» ЖШС зерханашысы:

– Мен сынама үлгiлерiн алып, оларды сүзгiден өткiземiн. Кейiн сараптамаға жiберiледi. Өзiм осында 1 ай бұрын орналастым. Жақсы жер, барлығы жоғары технологиямен жабдықталған.

Бүгiн жергiлiктi бiлiм ордасының студенттерi де серiктестiктiң жұмысымен танысуға келген екен. Болашақ мамандар агротехнологиялық факультетте оқып жүр.

Жантөре Оңғар — М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студентi:

– Мен өзiм Түркiстан облысынан келiп оқып жатырмын. Қазiр агрономия мамандығында оқып жатырмын. Бұл жерде мүмкiншiлiк өте көп. Қажеттi технологияның бәрi бар. Алдағы уақытта осында келiп тәжiрибеден өткiм келедi.

Ендi студенттер бұдан былай заманауи зерттеу нысанына жиi келетiн болады. Олар осындағы бiлiктi мамандармен бiрге тәжирибе жүзiнде бiлiмдерiн одан бетер шыңдап, бiлiктiлiктерiн арттыруға мүмкiндiк алып отыр. Өйткенi, бүгiн СҚМУ-нiң агротехнологиялық факультетi мен «Agro Lab» серiктестiгiнiң арасында кафедра бөлiмшесi ашылып, әрiптестiк жайындағы меморандумға қол қойылды.

Бердимурат Баймухан

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 20.02.2020