Өңір жаңалықтары :: «Солтүстiк Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетiне — 100 жыл

«Кедей сөзi», «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Ленин туы» және «Солтүстiк Қазақстан». Биыл қара шаңырақ «Солтүстiк Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетiнiң жарыққа шыққанына — 100 жыл. Осыған орай М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өттi. Жиында 10-нан аса адам сөз алып, мерзiмдi басылымның тарихына, ел өмiрiнде алатын орнына тоқталды.

1920 жылдың 22-шi ақпаны. Бұл күнi Омбы қаласында қазiргi «Солтүстiк Қазақстан», сол кездегi «Кедей сөзi» газетiнiң алғашқы саны жарық көрдi. Көп ұзамай мерзiмдi баспасөз Петропавлға ауыстырылды. Мұнда басылымның атауы «Бостандық туы»-на өзгертiлiп, шығарыла бастады. Осы орайда мынандай мәселеге тоқталайық. Өткен жылы ел өмiрiнде, әсiресе журналистика саласында елеулi оқиға орын алды. Жергiлiктi архившiлер көп iзденiстiң арқасында «Кедей сөзi»-нiң алғашқы санын тапты. Ол сонау Ресейдiң Санкт-Петербор қаласынан шықты. Бұл газеттердiң тарихымен елордалық алаштанушы ғалым Қайрат Сақ жақсы таныс. Мейман бiлген — түйгенiн халықаралық конференция барысында жiпке тiздi.

Қайрат Сақ — Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы:

– «Кедей сөзi» де, «Бостандық туы» да кезiнде тек осы аймақтың халқына емес, күллi қазақ жұртына қызмет еттi. Бұл баспасөзде Алаштың маңдайалды тұлғалары жұмыс iстедi. Бұл газеттiң беделiн көрсетедi.

Кейiн, газет “Кеңес ауылы», одан әрi «Ленин туы» деп аталды. Ал 93-тiң 1-шi желтоқсанында алғаш рет «Солтүстiк Қазақстан» деген атаумен басылды. Халықаралық конференцияға Ресейден де қонақтар келiптi. Асқар Раисов — Омбыдағы «Мирас» қазақ тiлi мен мәдениетiн дамыту және сақтау қорының директоры. Ол бұрынғыдай Омбы өлкесiне 1 ғасырлық тарихы бар басылымның таралғанын қалайды. Өйткенi, көршiлес аймақта 100 мың қандасымыз бар. Азамат шекара асып баспасөз жетсе, ана тiлiмiздiң мәртебесi арта түседi дейдi.

Асқар Раисов — «Мирас» қазақ тiлi мен мәдениетiн дамыту және сақтау қорының директоры, Омбы қаласы, РФ:

– Омбыға газет келсе адамдар оқиды. Қазiр осы газетке қазақ, орыс қоғамдары, оралмандар көңiл аударып жатыр.

Амандық Жантемiровтың өмiрi «Солтүстiк Қазақстан» облыстық газетiмен тiкелей байланысты. Қазақстанның құрметтi журналисi осы мерзiмдi баспасөзде бақандай 54 жыл еңбек етiптi. Көбiнесе ауыл шаруашылығы саласында қалам тербеген екен. Себебi, ауыл баласын танап басында тер төккен, мал өсiрген жандардың жұмысы туралы жазу ерекше қызықтырыпты.

Амандық Жантемiров — Қазақстанның құрметтi журналисi:

– Жүре-жүре, мамандардан сұрап, iзденiп үйрендiк. Ақыры бүге-шүгесiне дейiн жаза алатын дәрежеге жеттiк. Еңбегiм заяға кеткен жоқ.

Шара барысында жиналғандарды облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Руслан Әлiшев құттықтап, ел өмiрiндегi оқиғаларды жұртшылыққа жеткiзушi «Солтүстiк Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетiнiң ұжымына сәттiлiк тiледi. Бүгiнде мерзiмдi баспасөздiң тиражы 6 мыңға жақындайды.

Култанов Байболат

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 18.02.2020