Өңір жаңалықтары :: «Бастау» жобасына – 5 жыл

Бұл «Бастау» жобасының алғашқы түлектерi жайлы түсiрген сюжеттер легi. Бастапқыда мемлекеттiк бағдарлама пилоттық болды. Сондықтан, бизнестiң қыр-сырын меңгеру мүмкiндiгi 5 ауданның тұрғындарына ғана берiлдi. Олар: Тайынша, Ақжар, Уәлиханов, Ғ.Мүсiрепов пен М.Жұмабаев аудандары. 900-ден астам жерлесiмiз тегiн курстардан өтiп, 300-ге жуығы 200 АЕК көлемiнде грантқа қол жеткiздi. Кеше бастаманың қолға алынғанына 5 жыл толды. Осыған орай Елордада Тұңғыш Президенттiң қатысуымен форум өттi.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президентi-Елбасы:

– 2016-шы жылы кәсiпкерлiктi дамыту жөнiнде бастаманы көтерген болатынмын. Мұнда ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда өз iсiн бастаған кәсiпкерлердi қолдауға ерекше көңiл бөлу керектiгi айтылады. Бастаманың тағы бiр негiзгi бағыты — жаңадан кәсiп ашқан бизнесмендердi қаржылық сауатылыққа оқыту.

«Бастау»-дың қатысушылар саны жыл сайын еселеп өсiп, жобаның өрiсi кеңге жайылуда. Петропавлдық Аяжан Әскерова арнайы курстарға 2019 жылы қатысқан екен. Сол жылдың күзiнде қайтарымсыз грант алып, өз iсiн ашқан.

Аяжан Әскерова, жекеменшiк мектеп директоры:

– АЕК грант алдым. Қаражатқа оқушыларға арналған даярлық курсын ашып отырмын. Менталдық арифметика, жылдам оқу, ұзартылған күн тобы және ағылшын сыныптары бар. 4 пен 16 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз.

Арманға қарай нық қадам. Аяжанның кәсiбi бiрден дөңгелеп кетпеген екен. Бастапқы уақытта орталықта тек 5 оқушы болыпты. Нәзiкжандының қолға алған iсi ендi-ендi дами бергенде iндет бас көтередi. Артынша карантин жарияланып, сабақтар қашықтықтан өткiзiлген.

Аяжан Әскерова, жекеменшiк мектеп директоры:

– 2020 жылдың соңына қарай оқушы санын шектеп сабағымызды бастадық. Қазiргi таңда 2 бiлiктi маманымыз бар.

Қазiр орыс және қазақ сыныптарының 30-дан астам оқушысына мектептен тыс сабақ беруде.

– Бүгiн математикадан есептердi шығаруды үйрендiм.

– Мен қазiр минутқа оқып жатырмын.

– Бiр минутта қанша сөз оқисың?

– 76-80 сөз.

Алға қойылған жоспар ауқымды. 25 жастағы кәсiпкер қаладан бөлек, жақында Бескөл ауылында да өз мектебiн ашпақ. Биыл Аяжан секiлдi арманына қол жеткiзгiсi келетiн 850-дан астам солтүстiкқазақстандық курстарға қатысуда. Соңғы лектiң сабақтары апта соңында аяқталады. Одан кейiн қатысушылардың барлығы өз жобасын қорғайды. Үздiктерiне қаржылай қолдау көрсетiлмек.

Әсел Самаратова, СҚО кәсiпкерлер палатасының сарапшысы:

– Биыл «Бастау» жобасының түлектерiн қолдауға арналған “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымы ашылды. Курсқа қатысушылар 6 пайыздық үстемақымен 7 жылға дейiн шағын несие рәсiмдей алады. Кәсiп бастағысы келетiн азаматтарға бизнес түрлерi бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Ең бастысы жобаны дұрыс құру керек.

Жаңадан ашылған микроқаржы ұйымына бүгiнге дейiн 80-нен астам солтүстiкқазақстандық өтiнiм бiлдiрген. Қазiргi таңда жалпы көлемi 26 млн теңгенi құрайтын 9 жоба қаржыландырылған екен.

Маржан Касымбек

Ақпарат көзі: https://mtrk.kz/kz/2021/09/23/Bastau-zhobasyna-5-zhyl/

Жариялану күні: 23.09.2021