Өңір жаңалықтары :: Жергiлiктi 14 өнерпаз ұжым “Халықтық” және “Үлгiлi” атақтарына ие болды

Еңбегiне қарай құрмет! Бүгiн Петропавлда мәдениет саласы мамандарының басын қосқан семинар өттi. Жиында қатысушылар өзектi мәселелердi талқылады, атқарған жұмыстарын қорытындылады. Сондай-ақ, 14 шығармашыл ұжымға “Халықтық” және “Үлгiлi” атақтары берiлдi.

“Бұлақтар” би ансамблi 2007 жылы №8 орта мектебiнде құрылған. Бүгiнде ұжымға 80-ге жуық жас мүшелiк етедi. Қоржындарында түрлi ұлттардың 30-дан астам биi бар. Талантты ұжымды өңiрде ғана емес, елiмiздiң өзге де қалаларында жақсы таниды. Өйткенi, облыстық, республикалық байқауларға жиi қатысып тұрады. Тiптi, халықаралық сайыстарда да үздiктер қатарынан көрiнген.

Айгерiм Уәлиева — №8 жалпы бiлiм беретiн эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенiнiң директоры:

– Бiздiң бишiлерiмiз 14 жылдың iшiнде талай белестердi бағындырған. Түрлi қалаларға барып көрермендердiң көзайымына айналды. Қаладағы концерттер бiздiң ұл-қыздарымыздың қатысуымен өтедi.

Бүгiн “Бұлақтар” би ансамблiнiң 14 жылдық еңбегi еленiп, Мәдениет және спорт министрiнiң бұйрығымен “Үлгiлi” деген атақ берiлдi.

Сондай-ақ, бүгiн тағы 9 ұжымға — “Халықтық”, ал 4-уiне “Үлгiлi” деген атақ берiлiп, диипломдар табыс етiлдi.

Сандуғаш Жоламанова — облыстық халық шығармашылығы және мәдениет — бос уақыт қызметi орталығы директорының орынбасары:

– Бүгiн аудандық, қалалық мәдениет ошақтарының директорларымен семинар өткiздiк. Жиын барысында 2020 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындыладық. Ең үздiк ұжымдар диплом және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы 14 ұжымға “Халықтық” және “Үлгiлi” атақтары берiлдi.

Бұдан кейiн орталық мамандары семинар өткiздi. Жиынға қалалық және мәдениет үйлерiнiң жетекшiлерi қатысты. Семинар барысында мәдениет ошақтарының өткен жылғы жұмыстары қорытындыланды.

Ешкенова Дана

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 16.02.2021