Өңір жаңалықтары :: СҚО-да мерейтойларды мерекелеу бастау алды

2020-шы жыл мәдени шараларға бай болайын деп тұр. Өйткенi, биыл Қазақстан мерейтойлардың бiрқатарын атап өтпекшi. Ел үшiн елеулi даталарды ұлықтау Солтүстiк Қазақстан облысында ресми түрде бастау алды. Осының құрметiне Петропавлда ауқымды концерт ұйымдастырылды.

– Аталған шаралардың қоғамда құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөлге ие болатынына сенiмдiмiн.

– Бiз кешегi алыптардың иығында тұрып, келешекке қарап тұрған елмiз.

Жалынды сөздер мiнберден көп айтылды. Шынымен де, 2020 — Қазақстан үшiн ерекше, мерейтойларға бай жыл.

– Биыл шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидiң 1150 жылдығы, ал Алтын Орданың құрылғанына — 750 жыл. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы осыдан 175, ал жазушы Сәбит Мұқанов 120 жыл бұрын өмiрге келген. Мамырда Ұлы Жеңiстiң 75 жылдығын мерекелеймiз. Ал Ата заңымыздың қабылданып, Ассамблеямыздың құрылғанына биыл ширек ғасыр толып отыр.

Қызыл түйме жанды — ел үшiн елеулi даталарды солтүстiк өңiрде тойлау басталды. Айтулы жылдың алғашқы iс-шарасы — «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты концерт.

Концерттi бiр ғана сөзбен сипаттауға болады — «Фьюжн», қазақшалағанда «қоспа». Симфониялық оркестр сүйемелдеуiмен сахнада ұлттық әндер опера жанрында орындалып жатыр. Үйлесiм тамаша, бiрақ залдағы атмосфераны камераның толықтай жеткiзе алмайтыны, әрине, өкiнiштi.

Мұндай iс-шаралардың жыл бойы жалғасатыны айтпаса да түсiнiктi шығар. Бiр ғана С.Мұқанов атындағы театрымыз биылға 7 бiрдей премьера дайындап жатыр екен. Әл-Фараби трактаттарының желiсi бойынша спектакль қоймақшы, Жеңiстiң 75 жылдығы қарсаңында Анна Франк күнделiктерiнен де қойылым сахналанбақ. Алайда, басты тұсаукесер жаздың соңы, күздiң басына жоспарланған.

Фархад Молдағали — С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдiк жетекшiсi:

– Абайдың 175 жылдығы мен театрдың жаңа ғимаратының ашылуын бiрiктiрiп, жаңа театрдың бiрiншi премьерасы ретiнде М.Әуезовтың «Абай жолы» романының желiсi бойынша спектакльдiң тұсаун кеспекшiмiз.

Музейлерiмiз де қарап қалмақ емес. «Абылайхан резиденциясы» мейтойларға толы жылды мәндi-мазмұнды өткермекшi.

Аян Садаев — «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенiнiң директоры:

– Өткен аптада Көкшетау қаласына Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жылжымалы көрме апардық. Абайдың 175 жылдығына орай Семей қаласындағы «Абай» музейi резиденцияға көрме әкелудi жоспарлап отыр.

Көрмелер, семинарлар, конференциялар, концерттер мен форумдар — бiр ғана бiздiң облыста өтетiн iрiлi-ұсақты шаралардың саны 300-ден асып жығылады.

Құралбек Атмұратов — СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Алдында облыс бойынша iрi шаралардың саны 140-тан асатын, оны 80-ге дейiн қысқарттық. Аудандарда өтетiн iс-шаралардың санын 400-ден 250-ге дейiн қысқарттық. Шалышлмай, үнемдеп, маңызы ең зор шараларға бағыт алып отырмыз.

Шашылмау, бюджетке салмақ түсiрмеу — Президент пәрменi. Иә, миллиондар құйылып, сәнi мен мадағы жарасқан салтанаттардан пайда некен-саяқ. Сондықтан, мейрамдарды бiркүндiк той тойлау үшiн емес, бұқара ұзақ жылдарға рухани азық алатындай етiп өткеру шарт.

Саят Ермек

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 20.02.2020