Өңір жаңалықтары :: Өңірге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді

Өңірге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді

Өңірге келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ең алдымен Оқушылар сарайында болып, ондағы балғындардың жобаларымен танысты. Мына кабинетте жеткіншектер автоматтандырылған суару жүйесін ойлап тауыпты.

Биыл жазда аталған жаңашылдық осы ғимараттың аумағында қолданылатын болады. Өйткені, нысанның алаңы аса кең болғандықтан оны қолмен суару машақатты көрінеді. Қазір мұндағылар арнайы қондырғыларды алып қойған. Министр мұндай жобалардың аграрлы өңір үшін маңызы зор екендігін айтып, келешекте оны егін шаруашылығында қолдану мүмкіндігін қарастыру қажеттігін қаперге салды. Бағдат Мусин Қызылжар Абай орта мектебінің оқушылары әзірлеген жобамен де танысты. Балғындар автоматтандырылған инкубатор және ақылды үй сынды бірқатар тың дүниелерді жасаған. Аталған білім ұясы елді мекенде орналасса да замана көшінен қалмай, білім беру бағдарламасына жаңашылдықтарды барынша енгізуде. Бұл – әрине, қуантарлық жайт деді министр.

Кейін министр IТ-технологиялар саласында еңбек етіп жүрген жандармен кездесу өткізіп, бірқатар қордаланған проблемаларды талқылады. Өңір мамандары бүгіндері аталған салада еңбек ететін жастар көбіне шетелдік компанияларды таңдайды дейді. Өйткені, бір ғана Ресейдің өзінде IТ-мамандар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, көрші елде олар салықтан босатылған және үй алуға да төмендетілген несие берілетін көрінеді. Бағдат Мусин аталған мәселе қазір қарастырылып жатқандығын жеткізді.
Кейін министр Киров атындағы зауытқа ат басын бұрып, кәсіпорын цехтарын аралады. Бағдат Мусин мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында да болды. Мұнда көлігін тіркеп жатқан тұрғындармен тілдесіп, жаңашылдықтар жайлы айтып өтті. Енді темір тұлпар сатып алған адам оны үйден шықпай-ақ рәсімдей алады.

Қазіргі күні, тіпті, машинаның нөмірі мен техникалық құжатын да үйге тапсырыс жасап алдыруға болады. Тағы министр мұндағы жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыратын кабинеттерде болып, жақында енгізілетін жаңа жүйемен танысты. Яғни, енді арнайы құжатты сатып алғысы келген немесе өзі үшін сынақ тапсыруға басқа біреуді жіберуді көздеген пысықайдың жолы болмайды. Мемлекеттік корпорация емтихан тапсыру барысын бақылауды күшейткен. Ол үшін теориялық емтихан тапсыру кезінде арнайы биометриялық жүйе енгізіліп отыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Бұрын емтиханға басқа бір адамның кіруге мүмкіндігі болды. Қазір енді биометриялық бақылаудың арқасында олай жасауға мүмкіндік болмайды. Арнайы турникет қойылады. Кейін емтихан кабинетінде де адам бірнеше рет фотоға түсіріліп, биометриялық жүйеге енгізіледі.

Осындай жүйе ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласында енгізіліпті. Сол кезде саладағы біраз олқылық анықталды дейді Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Бұрын күніне 150 жүргізуші куәлігі берілген болса, қазір 10 ғана құжат беріледі. Қалғаны сонда қалай берілгені белгісіз. Сондықтан, цифрландыру арқылы коррупцияны болдырмауға тырысудамыз.

Енді аталған жүйе сәуір айына дейін барлық өңірлерде де енгізіледі. Тағы министрге елді мекендерді интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі де айтылды. Бүгіндері кей операторлар бұл жұмысты тиісті деңгейде атқармайтын көрінеді. Мұндайлармен ведомство айыппұл салу арқылы күреспек. Өткен жылы ғана олар 560 тексерік жүргізіп, ұялы байланыс операторларына 132 млн теңге айыппұл салған. Өз ісіне жүрдім-бардым қарағандарға алдағы уақытта айыппұл мөлшері ұлғайтылмақ.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

– Президенттің келісімімен, депутаттардың қолдауымен айыппұл мөлшерін 10 есеге өсірмекпіз. Сонда олар 2-3 млрд айыппұл төлесе, мүмкін сонда жұмысын сапалы атқаратын болады. Министрлік ретінде біздің операторлардың жұмысына кірісуге құзыретіміз жоқ. Біз тек бақылау шараларын күшейттік.

Тағы алдағы уақытта ауылдарға интернет тартатын операторларға салықтық жеңілдік қарастырылмақ.

Магжан Ахмадина

 

Ақпарат көзі: https://mtrk.kz/ru/category/news/

Жариялану күні: 11.03.2022