Өңір жаңалықтары :: Ұлағатты ұстаз Асқар Игiбаевтi еске алу жиыны өттi

Ұлағатты ұстаз Асқар Игiбаев көзi тiрi болса 90 жасқа толар едi. Әуелде мұғалiм, кейiн бiлдей бiр бiлiм ұясын басқарған азамат талай өнегелi шәкiрт тәрбиелептi. Бұл салаға ол өмiрiнiң 40 жылын арнаған екен. Бүгiн облыстық тарихи-өлкетану музейiнде Асқар Игiбаевтi еске алуға арналған жиын өттi.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Асқар Игiбаев — өмiрiнiң тең жартысын бiлiм саласына арнаған тұлға. Оның iшiнде 34 жыл бойы Есiл ауданындағы Николаевка орта мектебiнiң директоры болып жұмыс iстеген. Оның ұлағаты мен өнегесi талай жанға азық болды. Құдайберген Қалиев бала кезiнде 6 жыл бойы Асқар ағамыздың шәкiртi болған екен. Еңбек ардагерi ұстазымыз бiздi адамгершiлiк пен еңбекқорлыққа баулыды дейдi.

Құдайберген Қалиев, еңбек ардагерi, СҚО құрметтi азаматы:

– Асқар ағамыз бiздi келешекте адал жұмыс iстеуге тәрбиеледi. Ол кезде үкiмет пен партия болды. Ұстазымыз бiздi солардың шешiмдерiн орындауға көп көңiл бөлiп, тәрбиелеген.

Асқар Игiбев Шал ақын ауданына қарасты Бiрлiк ауылында шаруа отбасында туылыпты. Жерлесiмiздiң балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген екен. 13 жасында еңбекке араласып, ауыл бригадасында есепшi болып жұмыс iстептi. Кейiн осы еңбегi үшiн медальмен марапатталады. Уақыт өте келе 1954 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетiн бiтiрiп, Николаевка орта мектебiнде тарих пәнiнiң мұғалiмi болып жұмысқа орналасады.

Жангелдi Тәжин, облыстық ардагерлер кеңесi төрағасының орынбасары:

– Аз жылдың iшiнде мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн көтердi. Әдiстемелiк жұмыстармен көп айналысты. Мектеп директоры болған кезде талай табалдырықты тоздырып, жаңа мектептiң ашылуына өзiнiң бар күш-жiгерiн салды.

Асқар Игiбаев талай шәкiрт тәрбиелеген. Бүгiнде олардың барлығы — еңбектерiмен көпке үлгi. Ұстаздарын еске алу шарасына Асқар Игiбаевтың алдында тәлiм алған жандар көптеп келiптi. «Ғалымның хаты өлмейдi, жақсының аты өлмейдi». Жиналған қауым өзiнiң артынан жарқын iз қалдырған тұлғаның аты ешқашан ұмытылмайтынына сенiмдi.

Диана Есiм

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 21.02.2020