Өңір жаңалықтары :: СҚО-да вирус жұқтырғандарға арналып 3400 орын әзiрленген

Облыстағы медициналық мекемелерде вирус жұқтырғандарға арналып 3400 орын әзiрленген. Оған қоса, тыныс алу аппараттарының саны 240-қа жеткiзiлiптi. Соңғы 7 күнде 117 мың солтүстiкқазақстандық ПТР тест тапсырған.

Өкпенi жасанды желдету аппараттарының саны 3 есеге артқан. Яғни, жуырда 160-қа жуық құрылғы сатып алыныпты. Тағы, қыркүйек айының басында облысымызға жаңа 18 жедел-жәрдем көлiгi жеткiзiлдi.

Нұрлан Айманов — СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, медициналық мекемелерде науқастарға арналып 3400 төсек-орын дайын тұр. Жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталғаннан кейiн бiрден ПТР зертханасын iске қосатын боламыз. Онда күнiне 3 мың тест жасалмақ. Тағы, бюджет есебiнен 5 оттегi станциясын ашамыз.

Баяу болса да өңiрде вирус жұқтырғандардың саны артып келедi. Өткен тәулiктiң өзiнде 9 адам дертке шалдыққан. Оның 3-уi көршiлес Ресей елiнен келiптi. Осыған байланысты облыс аумағындағы бекеттерде тексерiс шаралары күшейтiлдi. Елге келушi қонақтарда iндеттi жұқтырмағандығын дәлелдейтiн қағаз мiндеттi түрде болуы тиiс. Болмаса, шекарадан өткiзiлмейдi. Ал елге оралған отандастырымыз мiндеттi түрде 2 апта карантинге жатқызылады.

Айнаш Сағандықова — СҚО тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылау департаментiнiң баспасөз хатшысы:

– 7 күн iшiнде 3 бақылау бекетiнен 4059 адам өттi. Оның 2608 — жүк тасымалдаушы, қалғаны — жаяу өткендер. Карантинге жатқызылған 352 адамның 20-да ПТР оң нәтиже берген. 13 адам — солтүстiкқазақстандық тұрғын, қалғаны — өзге ел азаматтары. 8 шетелдiк азаматқа кiруге тыйым салынды.

Тағы бiр айта кететiнi, соңғы бiр аптада облыс тұрғындарының 20 пайызы ПТР тест тапсырған. Яғни, 117 мың адам вирустың бар-жоғын тексерiптi.

Маржан Касымбек

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 22.10.2020