Өңір жаңалықтары :: МЕМЛЕКЕТТIК БЮДЖЕТ КОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДА

МЕМЛЕКЕТТIК БЮДЖЕТ КОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДА

Өңiрге жұмыс сапарымен келген республикалық «Адалдық алаңы» жобалау офисiнiң жетекшiсi Төлеген Байғұлов Петропавлдағы «I KOMEK» байланыс орталығының жұмысымен танысты. Жарты жыл бұрын iске қосылған колл орталық тұрғындар арасында сұранысқа ие. Оған қоса, қалалық бюджеттi құруда да көмегi зор.

Жыл басынан берi «I KOMEK» орталығына петропавлдықтардан 82 мың 733 өтiнiш келiп түстi. Қала тұрғындары коммуналдық қызметтердiң, мемлекеттiк органдардың жұмысына қатысты сұрақтарын, шағымдары мен ұсыныстарын бiрыңғай 109 номерiне хабарласып бiлдiредi. Әсiресе карантин кезiнде орталықтағы операторлардың жұмысы әлдеқайда көбейген.

ҒИЗАТ ТАЙЖАНОВ, «I KOMEK» БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШIСI:

- Өтiнiштердiң басым бөлiгi карантин кезiнде келiп түстi. Бiзде әдетте 3 оператор жұмыс iстесе, наурыз-сәуiр айларында бiр мезетте 10 маман жұмысқа шықты. Сұрақтардың көбi — санитарлы дәрiгерелердiң қаулысына қатысты болды. Оған қоса, тұрғындар коммуналдық қызметтерге қатысты өтiнiштерiн де бiлдiрiп жатты.

Республикалық «Адалдық алаңы» жобалау офисiнiң жетекшiсi Төлеген Байғұлов «I KOMEK» орталығының жұмысымен танысты. Мамандардың айтуынша, еш бiр өтiнiш жауапсыз қалмайды. Оған қоса, шағымдар мен ұсыныстарды саралаудың нәтижесiнде мемлекеттiк орган қала бюджетiн одан әрi тиiмдi құрады. IKOMEK 109 байланыс орталығы үшiн Петропавлдың арнайы электронды картасы құрылды. Мұнда көпқабатты үйлер мен аулалардағы жөндеу жұмыстары туралы, қоғамдық көлiктiң жұмысы жайында толық ақпарат бар. Төлеген Байғұлов сонымен қатар, қалалық әкiмдiктiң бiрiншi қабатында орналасқан азаматтарды қабылдау бөлмесiн де көрдi.

Кейiн республикалық «Адалдық алаңы» жобалау офисi жетекшiсiнiң қатысуымен жиын өттi. Отырыс басында облыс әкiмiнiң орынбасары Ғани Нығметов сыбайлас жемқорлыққа қарсы iске қосылған қанат қақты жоба жайында айтып бердi.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, ОБЛЫС ӘКIМIНIҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жоба 4 бағытта iске асады. Солардың бiрi Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау. Яғни көпқабатты үйлердiң тұрғындары үйлерiн бөлiнген қаражжаттың есебiнен күрделi жөндеп, 15 жылдың iшiнде бұл қаражатты бюджетке қайтарады.

Петропавлда 2011 жылдан берi 165 көпқабатты үй 2,6 млрд теңгеге күрделi жөнделдi. Биыл бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге бөлiнiп, 51 үйдi қалпына келтiру жоспарланған. Осы орайда билiк өкiлдерi мен пәтер иелерi коперативтерi тығыз қарым қатынаста жұмыс iстеуi тиiс.

ТӨЛЕГЕН БАЙҒҰЛОВ, ҚР «АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛАУ ОФИСIНIҢ ЖЕТЕКШIСI:

- Бағдарлама 2011 жылдан берi жүзеге асырылып келедi. Биыл да 50-ден астам үй қалпына келтiрiледi екен. Жөнделген үйлердi мониторингқа алған дұрыс. Жұмыс қаншалықты сапалы орындалды, тұрғындар риза ма? Өйткенi, сосын 15 жыл бойы сол қарыздарын өтейдi ғой. Сондықтан 2011 жылдан берi бағдарламаға қатысқан үйлердi назарға алсаңыздыр.

Жиын соңында жобалау офисi, қалалық әкiмдiк пен пәтер иелерi кооперативiнiң қауымдастығы өзара әрiптестiк жөнiндегi үш жақты меморандумға қол қойды.

Әсел ОРАЗБАЕВА

Ақпарат көзi: petropavltv.kz

Жариялану күні: 04.06.2020