Өңір жаңалықтары :: Петропавлда «Сана» әдеби-музыкалық клубы ашылды

Қазіргі қоғамда ана тілін менсінбей, шұбарлап жүрген қазақ жастары аз емес. “Бұл қоршаған орта мен үйдегі тәрбиеге байланысты”,- дейді ақын, Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова. Марал Зейнел-Ғабиқызы бала ұлтжанды болып өсуі үшін оған “Сен қазақсың, сенің елің – қазақ елі, ана тілің – қазақ тілі” деп үнемі айтып отыру қажет дейді.

Марал Оспанова, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

– Қазіргі заманда қазақ тілінің ауқымы тартылып, өзге тілде сөйлейтін адамдар көбейіп кетті. Сондықтан, кішкентай балаларымызды бесік жасынан бастап өз тілінде сөйлеуге үйрету қажет. Ол үшін қазақ әдебиетін, ертегі-жырларды жақсы білуге жалықпауымыз керек.

Қазақ әдебиеті мен халық ауыз шығармашылығын насихаттау мақсатында И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханда “Сана” әдеби-музыкалық клубы ашылып отыр. Ұйымның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына, адамгершілік-патриоттық тәрбиесіне ықпал ету.

Алтынай Сыздықова, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының әдіскері:

– Әдеби-музыкалық деп аталған себебі, қазіргі таңда көптеген қазақ тіліндегі шығармалар аса сұранысқа ие емес. Сондықтан клуб мүшелерімен бірге әнде, өлеңде айтылады.

Клубқа 12 адам мүшелік етеді. Олардың барлығы – қазақ тілі жанашырлары мен қоғам белсенділері. Араларында Қозыбаев университетінің доценті Гүлбақша Мұсабаева да бар.

Гүлбақша Мұсабаева, Қозыбаев университетінің доценті:

– Тіл мәселесі өте өзекті. Клубтың мүшесі ретінде алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз.

“Сана” әдеби-музыкалық клубына мүшелік ететін жандар алдағы уақытта жастармен кездесу ұйымдастырып, тіл мәселесін көтермек. Мұндай жиындар әр апта сайын өтеді деп жоспарлануда.

Ақпарат көзі: mtrk.kz

Жариялану күні: 22.09.2021