Өңір жаңалықтары :: ЕР ЕСIМI — ЕЛ ЕСIНДЕ

ЕР ЕСIМI — ЕЛ ЕСIНДЕ

Айыртау ауданының Әлжан ауылында соғыс ардагерлерiне арналған ескерткiш тақта орнатылды. Оған осы елдiмекеннен майданға қатысқан 138 адамның аты жазылған. Бұл ескерткiштi ауыл тұрғындары өз қаражатына жасатты. Қаймағы бұзылмаған ауыл туралы әрiптесiм тарқатсын.

Әлжан ауылындағы бұл ескерткiш орнатылған жердi кiшiгiрiм саябақ деп айтуға да болады. Себебi, мұнда елдi мекен тұрғындары келiп демалады. Ал мына қолына баласын ұстаған батырдың мүсiнi 1970 жылы жасалған екен. Ал биыл оның орны ауыстырылып, жанына соғыс ардагерлерiнiң есiмi жазылған тақтайша орнатылды.

ТӨЛЕУБИКЕ ЕРУБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

— Жылдардың өтуiне байланысты ескерткiшiмiз тозып, нашарлағандықтан жаңа орынға көшiруге шешiм шығарды. Ауыл ақсақалдары, үлкен азаматтары өз күшiмен, қаражат жағының бәрiн өздерi ұйымдастырып, карантин шаралары жеңiлдеген уақытта бастама көтерiлгендiктен 26 тамыз күнi ашылу рәсiмi болды.

Ұлы Отан соғысына Әлжан ауылынан 138 азамат аттанған. Өкiнiшке орай олардың тек 61-i ғана туған жерге қайта оралыпты. Алайда қазiргi уақытта майдангерлердiң тек 1 еуiнiң ғана көзi тiрi. Ал жаңадан орнатылған бұл ескерткiш тақтаға жеңiс сыйлаған батырларымыздың есiмi толықтай жазылған.

ҒАЛЫМ ӘЙТЕНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

— Негiзгi мақсатымыз елiмiздi көркейту. Бұл ескерткiштi жасауға 3 млн-ға жақын қаражат кеттi. Көптеген елiмiздiң азаматтарына ризамын. Осыған көмектескен.

ҚАЙНАРКЕШ ШЕГЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

— Өте қуаныштымыз. Балаларға дейiн көмектестi. Қаладан жұмыстарынан сұрап келiп көмектестi. Ескерткiш мәңгi тұрады. Мұнда келгенде жүрегiң қуанады.

Әлжан — шағын ғана ауыл. Екi жылдан кейiн бұл елдi мекеннiң негiзi қаланғанына 90 жыл толмақ. Қазiргi уақытта 54 отбасы түтiн түтетiп отыр. Келер жылы елдi мекеннiң жолдары жөнделiп, жарықтандыру мәселесi де шешiлмек. Және ауылдағы негiзгi мектепке де 2021 жылы күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiледi деген жоспар бар.

Жансая ҚАЙЫПОВА

Ақпарат көзi: petropavltv.kz

Жариялану күні: 20.10.2020