Өңір жаңалықтары :: Мемлекеттік рәміздерімізге – 28 жыл

Тұғырлы Ту, еңселi Елтаңба мен әуелеткен Әнұран. Бүгiн — Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi күнi. Егемендiгiмiздiң нышандары осыдан тура 28 жыл бұрын қабылданған едi. Мерекеге орай өлкеде бiрқатар акциялар мен iс-шаралар ұйымдастырылды.

Саят Ермек — тiлшi:

– 91-дiң желтоқсанында өз алдына бөлек мемлекет болдық. Әлемнiң саяси картасында пайда болған жаңа елге жаңа нышандар керек едi. Көп кешiкпей 92-шi жылдың 4-шi маусымында олар бекiтiлдi. Ту, Елтаңба, Гимн — осымен 28-шi жыл төрткүл дүние егемен Қазақстанды осы символдар арқылы таниды.

Мемлекеттiк рәмiздер — мемлекеттiк бренд қана емес, болмысымыздың көрiнiсi. Бiр ғана Елтаңбаның өзiн алайықшы: әрбiр деталi «Қазақстан» деп айғайлап тұрғандай.

Жандарбек Мәлiбеков — ҚР Мемлекеттiк Елтаңбасының авторы:

– Киiз үйiмiздiң тұлғасы бiздiң Елтаңбаға арқау болды. Қазақстанның тарихы жоқ, көшпендiлер болған, олардың мәдениетi төмен деген сияқты ұғымдар қалыптасқан едi. Мен қазақ халқы еш жерден көшiп келген жоқ, оның өзiндiк мәдениетi мен тарихы бар деп, «Алтын адамға» жүгiнiп, ондағы бейнелердi Елтаңбаға енгiздiм.

Көгiлдiр түс — ашық аспан, күн — даму мен өркендеу, қыран құс — бостандық пен айбындық, ал ою-өрнек — ұлттық болмыс. Бұл — Туымыздың қысқа сипаты. Оның авторы Шәкен Ниязбековтен 6 жыл бұрын айырылып қалдық, бiрақ елге жалау сыйлаған азамат ретiнде суретшiнiң есiмi ұлт тарихында мәңгi қалды.

Тұңғыш Әнұранымыз естерiңiзде болар. Бұл статусты ол 14 жыл бойы сақтады. Кейiн орнын Шәмшi Қалдаяқовтың әйгiлi «Менiң Қазақстаным» әнi басты. Жұмекен Нәжiмеденов және Нұрсұлтан Назарбаев сөздерiне өзгерiстер енгiзiп, 2006 жылдың 11 қаңтарындағы Президент иннаугурациясында жаңа гимн алғаш шырқалған едi.

Бұл — тарих және оны көз қарашығындай қорғап, бiлуiмiз маңызды. Биыл Қазақстан 28-шi мәрте рәмiздер күнiн атап өтуде. Бұл — жай ғана мереке емес, егемендiк символдарына деген шексiз құрметтiң көрiнiсi. Бұл құрметтi Бескөлдегi баспаналардың бiрiндегi тұрғындар көк туды балкондарына тiгiп паш еттi. Өткен-кеткен жұрт көрсiн, бiлмегендер бүгiн мейрам екенiн бiлсiн деп.

Темiржан Алтаев — Бескөл ауылының тұрғыны:

– Жастардың арасында патриоттық сезiм оятады. «Ел боламын десең — бесiгiңдi түзе», — дейдi. Сол үшiн халық арасында осындай акциялар жүргiзген дұрыс деп есептеймiн.

Дәл сол Бескөлде белсендi жастар мен ерiктiлер көшеде кетiп бара жатқан тұрғындарға жалау бейнеленген төсбелгiлердi табыстады.

Жандос Ысқақов — Қызылжар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Мақсатымыз — әрқашан Отанға, отансүйгiштiкке, туға құрмет көрсету. Бұл сувенирлердiң 100 данасын дайындадық. Бiр тудың астында барлығымыз бiрге болайық.

Ал Петропавл жастары болса 500 шағын жалауды ұстап қаланың бас көшесiне шықты. Өткен-кеткен бұқараға бүгiн мемлекеттiк рәмiздер күнi екенiн еске сала, тарту еттi.

Бақдәулет Сапарханов — Петропавл қаласы жастар ресурстық орталығының жастар iсi жөнiндегi нұсқаушысы:

– Бiздiң туымыз әрбiр отбасының шаңырағында, әрбiр жұмыс орнында, кез-келген адамның көлiгiнде болуы тиiс деп есептеймiн.

Саят Ермек

Ақпарат көзi https://mtrk.kz/ 

Жариялану күні: 04.06.2020