Өңір жаңалықтары :: Биыл өңірде 12 спорттық нысан жөндеу көрді

Биыл өңiрде 440 млн теңге бағытталып, 12 спорттық нысан жөндеу көрдi. Қыруар қаржы «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттiк бағдарламалары аясында бөлiнген. «Қарасай» стадионы, «Дельфин» спорт мектебi мен Борки кентiндегi шаңғы базасында қандай жұмыс атқарылды, не өзгердi? Облыс әкiмiнiң орынбасары Ғани Нығыметов арнайы барып таныст.

Бұл — «Қарасай» стадионындағы роликпен сырғанауға арналған жолақ. Мұнда жөндеу жұмыстары соңғы рет 15 жыл бұрын жүргiзiлiптi. Спорттық алаң биыл жаңартылды. 2 мың шаршы метр жерге асфальт пен орталық бөлiкке жасанды жасыл жабынды төселген. Ендi жас спортшылар биатлон, шаңғы және коньки тебу спортымен жылдың кез келген мезгiлiнде шұғылдана алады.

Владимир Щербаков — Қ. Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ директоры:

– Карантин жөндеу жұмыстарына әжептәуiр кедергi келтiрдi. Дегенмен, шаруа уақытында аяқталды. Алаң халықаралық стандарттарға сай әзiрленген. Бүгiнде мұнда 100-ден аса бала коньки тебу спортымен айналысуда. Жасөспiрiмдер алдағы уақытта өтетiн сайыстарға дайындықтарын пысықтап жатыр.

Биыл Қазбек Байболов атындағы спорт мектебiндегi акробатика залы да қалыпқа келтiрiлiптi. Нысан 2007 жылдан бастап өзгерiссiз тұрған екен. Жаттығу жұмыстарының сапасын арттыру үшiн мұнда жағдай жасалып, материалдық-техникалық база жаңартылды.

Ринат Белогонов — спорттық акробатикадан облыстық МБЖСМ директоры:

– Акробатикалық жолақты сатып алуға 8 млн. теңге жұмсалды. Қазiр зал толықтай заманауи дүниелермен жабдықталған. Өзге елдерде өткiзiлетiн чемпионаттарда дәл осындай спорттық заттар қолданылады. Бүгiнде мұнда 200-ден аса адам жаттығады.

«Қарасай» стадионының қасында орналасқан «Дельфин» спорт мектебi де назарсыз қалған жоқ. 14 жыл бойы жөндеу көрмеген ғимараттың жағдайы былтыр қолға алынды. Нысанның қасбетi өзгертiлiп, ал биыл iшкi құрылыс жұмыстарына басымдық берiлген. Жуынатын бөлмелердiң еденi жылытылып, жаңадан душ кабиналары орнатылыпты. Бастысы, бассейндегi судың таза болуына жауап беретiн ескiрген құрылғылар ауыстырылған.

Серiк Какимов — «Дельфин» БЖСМ директоры:

– Нысанның материалдық-техникалық базасын жаңартуға 30 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қазiр мектепте спортпен айналысуға барлық мүмкiндiк жасалған. Бүгiнде 400-ден аса адам келiп жүр. Айта кеткен жөн, мүмкiндiгi шектеулi жандар бiзде тегiн шынығады. Мектепте 2 бассейнен бөлек, спорт залдары да бар.

Борки кентiндегi шаңғы базасы да жаңартылды. Тақтайдай тегiс асфальт төселiп, жолақтың енi 2 метрге ұлғайтылыпты. Бұл — спортшылардың емiн-еркiн шынығуына мүмкiндiк бермек. Нысан аумағында роликтi шаңғы, велосипед, скейтборд тебуге болады. Ал қыста жергiлiктi ағайын осында келiп, қалаған спортымен айналысады екен.

Бауыржан Құлжанов — Петропавл қаласының құрметтi азаматы:

– Бүгiн базада орналасқан саябақта жергiлiктi халық келiп, серуендейдi. Одан бөлек, балалар мұнда бiрқатар спорт түрiмен айналысады. Мысалы, мен жақында Параалимпиадалық спортты меңгере бастадым. Бұл ретте достарыммен бiрге мұнда келiп, жаттығамыз.

Биыл өңiрде 12 спорт нысаны жөндеу көрдi. Бұл мақсатқа «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 440 млн теңге жұмсалған. Қаражат былтырғыға қарағанда 2 есеге көп.

Ғани Нығыметов — СҚО әкiмiнiң орынбасары:

– Жалпы, бұл көмек үшiн мемлекетке рахмет айту керек. Жұмыстың бәрi де қарапайым халықтың спортпен шұғылдануы үшiн жасалынды. Ел Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спорттың дамуына ерекше мән бердi. Мәселен, қазiр облыс бойынша халықтың 30%-ы ғана бұқаралық спортпен айналысады. Оны 50%-ға дейiн жеткiзу керек.

Айта кететiн тағы бiр маңызды жайт, облыста 6 бiрдей дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынып жатыр. Бұл кәсiби ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да ықпал етпек.

Бисенова Жанна

Ақпарат көзi https://mtrk.kz/ 

Жариялану күні: 21.10.2020