Өңір жаңалықтары :: Тiлдердi дамыту бағытындағы ынтымақтастық меморандумы

Бүгiн Петропавлда «Ұрпақ тiлi — келешек кiлтi» атты кездесу өттi. Түрлi этнос өкiлдерi қатысқан жиында тiлдердi дамыту басқармасы мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Алдағы уақытта бұл құжат аясында өңiрде тiлдердi дамыту бағытында түрлi iс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Карина Мелихованың ұлты — беларус. Бойжеткен қарапайым қазақ ауылында дүниеге келiптi. Сондықтан ана тiлiмiздi, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрiмiздi жақсы бiледi. Оның үстiне отандық сазгерлер жазған әндердi де тамылжыта шырқайды.

Карина Мелихова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студентi:

– Менiң әкем беларус болса да, анам — қазақ. Бiздiң отбасымызда барлығы да қазақша сөйлейдi. Кейбiр адамдар таң қалады. Неткен өзгеше отбасы деп. Бiрақ, бiздiң барлығымыздың жанымызға қазақ тiлi жақын.

Бүгiнгi таңда құқық қорғау органдарының арасында да қазақ тiлiн жетiк бiлетiн өзге ұлт өкiлдерi бар. Солардың бiрi — облыстық полиция департаментiнiң инспекторы Денис Матевич. Денистiң де ұлты — беларус. Ол мемлекеттiк тiлдi бiлу — әр азаматтың парызы деп санайды.

Денис Матевич, СҚО ПД инспекторы:

– Қазақстанның әрбiр азамат өзiнiң ана тiлiмен қатар, мемлекеттiк тiлдi де бiлуi тиiс деп ойлаймын. Беларус болсам да, қазақ тiлiнде еркiн сөйлеп, өз ойымды жеткiзе аламын.

«Ұрпақ тiлi — келешек кiлтi» деп аталатын кездесу барысында ана тiлiмiздi жетiк меңгерген жастар өз ойларымен бөлiсiп қана қойған жоқ. Жиында тiлдердi дамыту жөнiндегi басқарма мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Әсел Сүлейменова, СҚО бойынша тiлдердi дамыту басқармасының бөлiм басшысы:

– Бұл меморандум қазiргi таңда ресми бекiтiлдi. Қазiргi таңда бiз ҚХА-ның облыстық хатшылығымен тығыз байланыстамыз.

Алдағы уақытта бұл меморандум аясында тiлдердi дамыту бағытында түрлi iс-шаралар қолға алынбақ. Олардың қатарында жыл сайын өткiзiлетiн Қазақстан халқы тiлдерiнiң фестивалi де бар.

Ақпарат көзi: mtrk.kz

Жариялану күні: 20.02.2020